215 мың түлек: Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау соғылды
Қазақстан мектептерінде кезекті оқу жылы аяқталды.Биыл ел бойынша 215 мыңнан астам 11-сынып оқушысы алтын ұя мектебімен қоштасып, жаңа өмір кезеңіне қадам басады. Бұл – соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі,— деп хабарлайды newsroom.kz
Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025–2026 оқу жылын жалпы саны 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде жүздеген мың жас түлек енді ҰБТ тапсырып, мамандық таңдап, жоғары оқу орындары мен колледждерге құжат өткізеді.
Сарапшылардың айтуынша, түлектер санының артуы алдағы жылдары жоғары білім беру саласындағы бәсекені күшейтуі мүмкін. Әсіресе грант саны, жатақхана мәселесі және еңбек нарығындағы сұраныс негізгі тақырыптардың біріне айналмақ.
Биыл 9-сыныпты да жүздеген мың оқушы тәмамдайды. Олардың бір бөлігі мектепте білімін жалғастырса, енді бірі колледждерге түсуді жоспарлап отыр. Мемлекет техникалық және кәсіптік білім беру бағытына ерекше назар аударып келеді.
Сонымен қатар 11-сынып түлектері арасында «Алтын белгі» мен үздік аттестатқа үміткерлер саны да жоғары. Министрлік мәліметінше, шамамен 18 мыңға жуық оқушы үздік аттестат алуға үміткер.
Еліміздегі мектептерде соңғы қоңырау шаралары мамыр айының соңында өтеді. Ал қорытынды емтихандар мен аттестат тапсыру рәсімдері маусым айына жоспарланған.