Жаңалықтар

Эбола індеті: АҚШ-қа Конгодан келген ұшақты елге кіргізбеді

Конго Демократиялық Республикасынан (КДР) келген жолаушы отырған Air France әуе компаниясының ұшағы Эбола вирусының өршуіне байланысты АҚШ аумағына кіргізілмеді,— деп хабарлайды newsroom.kz

Ұшақ Парижден Детройтқа бағыт алған, алайда кейін Монреаль қаласына қонуға мәжбүр болған. АҚШ шекара қызметінің өкілдері мұндай шешімнің 18 мамырдан бастап Конго Демократиялық Республикасы, Уганда және Оңтүстік Суданнан келетін жолаушыларға уақытша шектеу енгізілуіне байланысты қабылданғанын түсіндірді. Шектеу Эбола індетінің өршуіне байланысты енгізілген.

Сондай-ақ, Air France әуе компаниясы аталған жолаушыны «қателікпен АҚШ-қа бағытталған рейске отырғызып жібергені» айтылды.

18 мамыр күні АҚШ Денсаулық сақтау министрлігінің Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) АҚШ азаматтығы жоқ адамдарға қатысты жаңа шектеулер жариялады. Енді соңғы 21 күн ішінде Угандада, Конго Демократиялық Республикасында немесе Оңтүстік Суданда болған шетел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне уақытша тыйым салынады.

Сонымен қатар, әуе компаниялары мен шекара қызметтерімен бірлесіп, Эбола вирусын жұқтыруы мүмкін жолаушыларды анықтау бақылауы күшейтілген. Бұл шектеулер 30 күнге енгізілген.

Конго Денсаулық сақтау қызметі Эбола індетінің қазіргі ошағы — Итури провинциясынан алғашқы дабыл белгілерін 5 мамыр күні алған. Тоғыз күннен кейін конголық дәрігерлер індеттің қоздырғышын — Эбола-Бундибугио вирусын анықтады. Осыдан кейін Конго мен көршілес Угандада Эбола індетінің таралуы ресми түрде жарияланды.