Биыл қанша қазақстандық шаңырақ көтеріп, қаншасы ажырасты?
2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанда 21,6 мың неке тіркелсе, 11,2 мың отбасы ажырасқан. Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді,— деп хабарлайды newsroom.kz
Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 115,9 мың неке қиылып, 45 мыңнан астам ажырасу тіркелген. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде Қазақстандағы әрбір екінші неке ажырасумен аяқталып жатыр.
Неке саны бойынша көш басында:
• Астана – 1000 адамға шаққанда 6,75 неке;
• Қарағанды облысы – 6,32;
• Шығыс Қазақстан облысы – 6,27.
Ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысы өңірінде тіркелген – 5,06.
Статистикаға сәйкес, некенің басым бөлігі қалаларда қиылған. 2025 жылы тіркелген некелердің 68,1%-ы қалалық жерлерге тиесілі болса, ауылдық аймақтарда бұл көрсеткіш 31,9%-ды құрады.
Мамандар ажырасудың көбеюіне бірнеше фактор әсер етіп отырғанын айтады. Олардың қатарында әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, баспана мәселесі, жұмыссыздық және отбасылық құндылықтардың өзгеруі бар. Сонымен қатар жастардың кеш үйленуі де негізгі себептердің бірі ретінде аталады.