Жаңалықтар

АҚШ мешітіндегі атыс: 5 адам қаза тапты

Американың Сан-Диего қаласында орналасқан ислам орталығының аумағында атыс болып, салдарынан бес адам көз жұмды,— деп хабарлайды newsroom.kz

Қаза тапқандардың арасында шабуыл жасады деген күдікке ілінген екі адам да бар. Тергеу органдары оқиғаны діни өшпенділік негізінде жасалған қылмыс ретінде қарастырып жатыр.

Оқиға 18 мамыр күні болған. Полицияның мәліметінше, атыс туралы хабарлама жергілікті уақытпен шамамен таңғы 11:40-та түскен. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары мешіт кіреберісінен оқ жарақатын алған үш ер адамды тапқан. Олардың барлығы оқиға орнында көз жұмған.

Қаза болғандардың бірі ислам орталығының күзетшісі болған. Полицияның айтуынша, ол шабуылдаушыларды тоқтатуға тырысып, одан да ауыр салдардың алдын алған.

Сан-Диего полициясының басшысы Скотт Уолдың айтуынша, күдіктілер — екі жас жігіт. Кейінірек олардың денелері оқ жарақатымен мешіт маңындағы көліктің ішінен табылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, олар 17 және 19 жастағы жасөспірімдер болуы мүмкін. Тергеушілер олардың шабуылдан кейін өздеріне қол жұмсағанын болжап отыр.

Сондай-ақ бірнеше адам түрлі деңгейде жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Атыс мешітпен қатар мектеп те орналасқан кешен аумағында болған. Шабуыл кезінде онда балалар болғанымен, олардың барлығы дер кезінде эвакуацияланып, зардап шекпеген.

Полицияның хабарлауынша, шабуылға дейін көп ұзамай үйінен қашып кеткен, суицидтік ойы бар жасөспірім туралы қоңырау түскен.