Астанада Леонардо да Винчиге арналған халықаралық көрме ашылды
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қайта өрлеу дәуірінің ұлы ойшылдарының бірі Леонардо да Винчидің өміріне, ғылыми ізденістері мен инженерлік мұрасына арналған «Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance» халықаралық көрмесінің таныстырылымы өтті,— деп хабарлайды newsroom.kz
Көрменің ашылуына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, көрме комиссары Ольга Риго, Рим қаласындағы Леонардо да Винчи музейінің директоры Августо Биаджо, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Аида Балаева экспозицияның Халықаралық музейлер күнінде өткізілуінің айрықша мәні бар екенін атап өтті. Бұл күн әлемдік мәдени мұраны сақтау, ғылым мен өнерді дамыту және мәдениетаралық диалогты нығайту идеялары төңірегінде жұртшылықты біріктіреді.
Үкімет басшысының орынбасарының айтуынша, бүгінде Қазақстанда 286 музей жұмыс істеп тұр. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған. Музейлерге жыл сайын 6,5 миллионнан астам адам келеді.
Сонымен қатар Аида Балаева мұндай халықаралық деңгейдегі көрмелер Қазақстандағы мәдени туризмнің дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Осындай жобалар азаматтардың әлемдік өнер мен ғылым тарихындағы ұлы мұралармен өз елімізде танысуға жол ашады. Сонымен қатар еліміздің халықаралық мәдени кеңістіктегі беделін арттырып, жаңа әріптестік жобаларға негіз қалайды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, цифрлық технологияларды уақыт талабына сай игерген елдер ғана өркениет көшінен қалмайды. Сондықтан Қазақстанда инновацияны, креативті индустрияны, заманауи мәдени жобаларды және жаңа форматтағы өнер кеңістіктерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Леонардо да Винчи мұрасы бүгінгі күнмен де терең үндеседі. Ол өз дәуірінде өнерді, ғылымды, инженерияны, сәулет пен шығармашылық ойды бір арнаға тоғыстыра білген ерекше тұлға. Оның ізденістері адамзатқа ой еркіндігінің, қиял қуатының және жаңашылдыққа ұмтылыстың қандай биік нәтижеге жеткізетінін көрсетті», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.