Әлем

Хантавирус анықталған MV Hondius круиздік кемесі Роттердам портына жеткізіледі

Бортында хантавирус ошағы тіркелген MV Hondius круиздік кемесі бүгін Роттердам портына келуі тиіс. Кемеде қалған экипаж мүшелері мен медицина қызметкерлері карантинге орналастырылады.

Шетелдік ақпарат көздерінің мәліметінше, кемеде 25 экипаж мүшесі және екі медицина қызметкері қалып отыр. Нидерланд билігі оларды оқшаулауға және кемені толық санитарлық өңдеуден өткізуге дайындық жүргізуде.

Бұған дейін лайнер Кабо-Верде жағалауында аялдауға мәжбүр болған. Инфекция таралу қаупіне байланысты жолаушыларға жағаға шығуға тыйым салынды. Кейін халықаралық ұйымдармен келіссөздерден соң кеме Еуропаға бағыт алды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, әңгіме Андес вирусы туралы болып отыр. Бұл — хантавирустың бір түрі. Вирус көбіне кеміргіштер арқылы таралады, ал адамнан адамға жұғу жағдайлары өте сирек кездеседі.

Қазіргі таңда 10 жұқтыру дерегі тіркелген. Оның үшеуі өліммен аяқталған.