Оңтүстік Кореяда ит етін өндіретін фермалар жаппай жабыла бастады
Оңтүстік Кореяда ит етін өндіруге арналған фермалардың 82 пайызы жабылды,— деп хабарлайды newsroom.kz
Билік өкілдерінің мәліметінше, елдегі 1 537 ферманың 1 265-і жұмысын тоқтатқан. Қалған шаруашылықтар осы жылдың соңына дейін толық жабылуы тиіс.
Иттерді азық ретінде өсіруге, союға және сатуға толық тыйым 2027 жылдың ақпан айында күшіне енеді.
Үкімет қызметін әлі тоқтатпаған фермаларды ғана емес, бұрын жабылған шаруашылықтарды да қайта тексермек. Мақсат — жануарларды заңсыз өсіру немесе жаңа рұқсат етілмеген қызмет түрлерін анықтау.
Бұған дейін билік ит өсіретін фермаларды тезірек жабу үшін бақылауды күшейтетінін мәлімдеген. Тыйымды елемеген кәсіпорындардың фермерлік қызметпен айналысу лицензиясы қайтарылады.
2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, Оңтүстік Кореяда мәзірінде ит еті ұсынылатын шамамен 1,6 мың мейрамхана жұмыс істеген.