Жаңалықтар

Дубай әуежайында жолаушының жүгінен екі қонжық табылды

Дубай әуежайында сирек кездесетін аю түрінің екі қонжығын чемоданмен алып өтпек болған жолаушы ұсталды.Бұл туралы Paddle Your Own Kanoo (PYOK) порталы мәлімдеді,— деп хабарлайды newsroom.kz

Кеден қызметкерлері жүкті сканерлеу кезінде күмәнді заттарды байқап, чемоданды тексеруге жіберген. Тексеру барысында сөмкенің ішінен көк түсті себетке салынған жануарлар табылған.

Оқиға орнына кезекші ветеринар шақырылғанымен, ол келген кезде қонжықтар тіршілік белгілерін көрсетпеген. Алдын ала мәлімет бойынша, олар ұшақтың жүк бөлігіндегі ұзақ уақыт төмен температураға шыдамай қалған.

Азиялық келбеттегі әйел чемоданның ішінде не барын білмегенін, тек жүкті тасымалдағаны үшін ақша алғанын айтқан. Алайда ол сирек жануарларды заңсыз тасымалдады деген күдікпен қамауға алынды.

Билік өкілдері халықаралық келісімдермен қорғалатын жануарларды тасымалдау қатаң бақылауда екенін еске салып, мұндай заңбұзушылықтар үшін БАӘ-де қатаң жаза қарастырылғанын мәлімдеді.