Алматы экономикасы тұрақты өсім көрсетуде: халық саны, инвестиция және құрылыс қарқыны артты
2026 жылдың алғашқы айларында Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң динамиканы көрсетті. Халық саны өсіп, өнеркәсіп өндірісі, құрылыс көлемі мен инвестиция арта түсті. Сонымен қатар сауда, көлік және кәсіпкерлік салаларында да өсім байқалады.
2026 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша Алматы халқының саны 2 миллион 354 мың адамнан асты. Қалада халық өсімі сақталып отыр. Жылдың алғашқы екі айында табиғи өсім 2817 адамды құрады.
Қаңтар-ақпан айларында мегаполисте 4571 сәби дүниеге келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен болғанымен, өлім көрсеткіші де 15 пайыздан астам азайған. Сонымен қатар Алматы көші-қон бойынша да оң көрсеткіш сақтап келеді. Екі айда қалаға 3816 адам тұрақты қоныс аударған.
Еңбек нарығында жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыспен қамту органдарында 33 мыңнан астам адам ресми жұмыссыз ретінде тіркелген.
Қаладағы орташа айлық жалақы көлемі де өскен. 2025 жылдың төртінші тоқсанында орташа жалақы 601 мың теңгеден асты. Ал халықтың жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысы 410 мың теңгеге жеткен.
Өнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім тіркелді. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында өндіріс көлемі 701,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға артқан. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып келеді.
Құрылыс саласында да жоғары көрсеткіш байқалады. Үш ай ішінде атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 140,8 млрд теңгені құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 754 мың шаршы метрден асты. Оның басым бөлігі көпқабатты тұрғын үйлерге тиесілі.
Инвестициялық белсенділік те сақталуда. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 373,7 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар қалада тіркелген заңды тұлғалар саны 160 мыңнан асып, шағын және орта бизнес субъектілерінің қатары көбейген.
Алматы экономикасының негізгі бөлігін қызмет көрсету саласы құрайды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 20 трлн теңгеден асып, нақты өсім 6,7 пайыз болған. Сауда көлемі де артып келеді. Бөлшек сауда айналымы 1,6 трлн теңгеден асса, көтерме сауда көлемі 4 трлн теңгеден жоғары болды.
Сарапшылардың пікірінше, халық санының артуы, инвестиция көлемінің көбеюі және кәсіпкерліктің дамуы Алматының ел экономикасындағы жетекші мегаполис ретіндегі позициясын күшейте түсуде.