Алматыдағы отбасы институты: мегаполистегі демографиялық және әлеуметтік өзгерістер
Алматыда отбасы құндылықтарын нығайту, ана мен баланы қолдау, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Халық санының өсуі, әлеуметтік бағдарламалардың кеңеюі және жастарға арналған тұрғын үй жобалары мегаполистің демографиялық дамуына оң әсер етуде
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы әл-ауқатын мемлекеттік саясаттың басты көрсеткіштерінің бірі ретінде атап келеді. Алматыда бұл бағыттағы жұмыстар нақты әлеуметтік бастамалар арқылы жүзеге асырылуда.
2026 жылдың басында Алматы халқының саны 2,3 миллионнан асты. Өткен жылы шаһарда 40 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Сонымен қатар мегаполис егіз және үшем туу көрсеткіші бойынша елде көш бастап тұр. Қалада саналы ата-ана болуға деген көзқарас қалыптасып келеді. Мамандардың мәліметінше, аналардың орташа жасы 29,9 жасқа жеткен.
Қалада көші-қон өсімі де сақталуда. Жаңадан қоныс аударушылар саны артып, табиғи өсім көрсеткіші жоғары деңгейде қалып отыр. Әсіресе Наурызбай және Алатау аудандарында көпбалалы отбасылар саны басым.
Әлеуметтік қолдау шаралары да кеңейтілуде. Алматыда жұмыс істейтін «Бақытты отбасы» орталықтары арқылы мыңдаған тұрғынға көмек көрсетілуде. 2026 жылдан бастап бала тууға берілетін біржолғы жәрдемақы көлемі ұлғайтылды. Сонымен қатар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған.
Қала әкімдігі аналардың кәсіпкерлікпен айналысуына да жағдай жасап отыр. «Isker ana» жобасы арқылы көптеген әйел бизнес негіздерін меңгеріп, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алған. Гранттық бағдарламалардың арқасында көпбалалы аналар наубайхана, шағын өндіріс және қызмет көрсету бағытында кәсіп бастап жатыр.
Мегаполисте тұрғын үй және білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген баспана саны арттырылды. Сонымен қатар жаңа мектептер мен балабақшалар салу жұмыстары жалғасып жатыр.
Отбасындағы әкенің рөлін күшейту бағытында да бірқатар жобалар қолға алынған. Қала мектептерінде Әкелер кеңесі құрылып, ер азаматтардың бала тәрбиесіне белсенді араласуы артып келеді. Кей аудандарда әкелер балаларға арналған тегін спорт секцияларын ұйымдастыруда.
Психологиялық қолдау көрсету жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Дағдарыс орталықтары мен арнайы тренингтер арқылы отбасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бағдарламалар іске асырылуда.
Бүгінде Алматыда отбасы институтын қолдау тек әлеуметтік көмекпен шектелмей, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, ата-аналардың өзін-өзі дамытуына және балаларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді саясатқа айналып отыр.