Жаңалықтар

Қазақстандық регбиші қыздар Азия чемпионатында күміс жүлде иеленді

Алматыда өткен регби-15 бойынша Asia Rugby Emirates Women’s Championship халықаралық турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы екінші орынға тұрақтады. 

Күміс медаль тағдыры шешілген ойында отандастарымыз Гонконг командасына қарсы алаңға шықты. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі мәлімдеді.

Кездесу аса тартысты өтіп, екі құрама да жоғары қарқын көрсетті. Матч қорытындысы 26:26 есебімен тең аяқталды. Алайда қосымша көрсеткіштер нәтижесінде Қазақстан құрамасы турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Ал чемпиондық атауды Жапония құрамасы мерзімінен бұрын жеңіп алды. Жапон спортшылары Қазақстан командасын 64:12 есебімен, ал Гонконг құрамасын 72:12 есебімен ұтқан болатын.

Осылайша, Қазақстанның әйелдер құрамасы өз алаңында өткен құрлық біріншілігінде лайықты нәтиже көрсетіп, Азиядағы жетекші командалардың қатарында екенін дәлелдеді. Мамандар бұл жетістік елімізде әйелдер регбиінің дамуына тың серпін беретінін атап өтуде.