Жаңалықтар

Қазақ жігіті Лондонда мэр болды

Қазақстанда туған Санжар Әбішев Лондондағы Сент-Джеймс ауданының мэрі болып сайланды. Консервативтік партия атынан түскен кандидат сайлауда қарсыласынан басым түсіп, Ұлыбритания астанасының беделді аудандарының бірін басқаруға мүмкіндік алды.

Қазақстан тумасы Санжар Әбішев Лондонның Сент-Джеймс ауданының мэрі болып сайланды. Консервативтік партия кандидаты сайлауда шамамен 2,3 мың дауыстың ішінде қарсыласынан 350 дауысқа озып шыққан.

Бұл жаңалықты қазақстандық кәсіпкер әрі Kusto Group компаниясының негізін қалаушылардың бірі Қанат Көпбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол сайлау нәтижесі жарияланған сәттің видеосын бөлісіп, Санжар Әбішевтің табандылық пен білімнің арқасында осындай жетістікке жеткенін атап өтті.

Көпбаевтың айтуынша, Санжар Ұлыбританияда мектеп жасынан бері тұрады. Ол Malvern College оқу орнын тәмамдап, кейін маркетинг саласында түрлі британдық компанияларда еңбек еткен.

2016 жылдан бастап Санжар Әбішев өзінің Blue Swallow Group маркетинг агенттігін дамытып келеді. Сонымен қатар ол қайырымдылықпен айналысып, әлеуметтік жобаларды қолдайтын қор құрған.

Саясатқа ол бірнеше жыл бұрын араласа бастаған. 2024 жылы Сент-Джеймс округіндегі Консервативтік партия бөлімшесінің төрағасы атанып, аудан тұрғындарымен тұрақты түрде кездесулер өткізіп жүрген.

Сайлау науқаны кезінде Санжар Әбішев 79 жастағы ер адамды құтқарып, жұрт назарын аударған. Қарт тұрғын үйінде құлап жарақат алып, бірнеше күн бойы орнынан тұра алмай жатқан кезде оған көмек көрсетілген.