Құрылтай съезі «Әділет» партиясын құру туралы шешімге келді
Елордада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтіп жатыр. Жиынға еліміздің барлық өңірінен мыңға жуық делегат қатысуда. Күн тәртібінде партияның бағдарламасы мен жарғысын бекіту, сондай-ақ басшылық құрамын қалыптастыру мәселелері қаралады.
Астанада жаңа «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өз жұмысын бастады. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен келген шамамен 1000 делегат қатысуда. Съезд партияның ресми түрде құрылуындағы маңызды кезеңдердің бірі саналады.
Жиын барысында партия қызметін заңнамаға сәйкес бастау үшін қажетті шешімдер қабылданады. Атап айтқанда, партияның бағдарламасы мен жарғысы бекітіліп, жетекші органдары айқындалады.
Партия өзінің негізгі құндылықтары ретінде әділдік, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық пен дамуды атап өтті. «Әділет» өкілдерінің айтуынша, әділетті қоғамның басты негізі — «Заң мен Тәртіп» қағидаты болуы тиіс.

Бағдарламада адал еңбекке ерекше мән берілген. Партия кез келген мамандық иесі мен еңбек түріне қарамастан, әрбір азаматтың еңбегі әділ әрі лайықты бағалануы қажет деп есептейді.
Сонымен қатар, құжатта елдің технологиялық дамуы, интеллектуалдық әлеуетін күшейту және тиімді мемлекеттік институттарды қалыптастыру мәселелері қамтылған. Әлеуметтік бағытта медицина, білім, ғылым, мәдениет және креативті индустрияларды дамыту басымдық ретінде көрсетілген.
Партия денсаулық сақтау жүйесі ең алдымен азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталуы керек деп санайды. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмекті күшейту және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту қажеттігі айтылды.
Мемлекеттік басқару мәселесінде «Әділет» өңірлердің теңгерімді дамуын қолдап, әр аймаққа орталық тарапынан әділ көңіл бөлінуі қажет екенін мәлімдеді.
Халықаралық деңгейде партия Қазақстанның жауапты әрі тұрақтылықты сақтай алатын орта держава ретіндегі рөлін нығайтуды көздейді.
Сондай-ақ партия саяси жауапкершіліктің жаңа тәсілін ұсынды — әрбір уәде мен бағдарламаның орындалуы бойынша сайлаушылар алдында тұрақты түрде ашық есеп беру тәжірибесін енгізу.
Бұдан бөлек, партияның цифрлық платформасы — «Әділет» іске қосылды. Платформа арқылы азаматтар партияға мүшелікке өтініш беріп, өз бастамаларын ұсынып, қоғамдық талқылауларға қатыса алады.
Партия съезге дейін заңда көрсетілген 5000 мүшелік межеден асып, 9812 адамды біріктіргенін хабарлады. Сонымен қатар әр облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда кемінде 200 мүшеден болу талабы да толық орындалған.
Еске салсақ, 15 сәуірде бастамашыл топ жаңа партия құру ниетін жариялаған болатын. Ал 16 сәуірде Әділет министрлігі тиісті хабарламаның қабылданғанын растады. Құрылтай съезі партияны ресми тіркеу жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болып отыр.