Жаңалықтар

Азық-түлік қалтаға салмақ түсіруде: Қазақстанда қай өңірде өмір сүру қымбат?

2022–2025 жылдары азық-түлік бағасының ең жоғары өсімі Маңғыстау және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Ұлытау мен Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді,— деп хабарлайды newsroom.kz

Ал ең төмен өсім Алматы облысы, Шымкент қаласы және Түркістан облысында байқалды.

Ұлттық статистика бюросының есептеуінше, 2022–2025 жылдар аралығында азық-түлік бағасының жиынтық өсімі Маңғыстау облысында шамамен 73,7%, Ақмола облысында – 71,8%, Ұлытау облысында – 70,0%, ал Солтүстік Қазақстан облысында – 68,7% болды. Бұл көрсеткіш ел бойынша орташа 62,8%-дан айтарлықтай жоғары.

Статистикалық шектеулерге қарамастан, 2022 жылдан кейін Қазақстанда өңірлік азық-түлік инфляциясы айтарлықтай күшейгенін байқауға болады. Батыс, солтүстік және орталық өңірлерде баға өсімі оңтүстік өңірлерге қарағанда анағұрлым жоғары болды.

Бұл дегеніміз, елдің әр бөлігінде халықтың нақты өмір сүру деңгейі ресми орташа көрсеткіштерге қарағанда жылдамырақ алшақтай бастағанын көрсетеді.

Айта кетелік, 2026 жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша өңірлер арасындағы баға айырмашылығы айтарлықтай ұлғайған. Бұл тек ет немесе жеміс-жидекке ғана емес, нан сияқты негізгі азық-түлік тауарларына да қатысты.