Әлем

БАҚ: Шри-Ланкада 110 кг-нан астам есірткі тасымалдаған монахтар ұсталды

Шри-Ланканың құқық қорғау органдары Коломбо қаласының солтүстігінде орналасқан Бандаранаике халықаралық әуежайында 110 кг-нан астам есірткі тасымалдады деген күдікпен 22 буддист монахты ұстады. Бұл тәркілеу әуежай тарихындағы ең ірісі болды,— деп хабарлайды newsroom.kz

Daily Mirror басылымының хабарлауынша, 25 сәуір күні кешке есірткіге қарсы күрес жөніндегі полиция бюросының қызметкерлері Таиландтан келген монахтардың жүгінен шамамен 112 кг каннабис пен гашишті тәркілеген. Заңсыз жүктің жалпы құны 1,1 млрд ланка рупиясынан (шамамен 3,45 млн доллар) асады. Келесі күні ұсталғандар Батыс провинциядағы Негомбо округінің сотына жеткізілді.

Басылым мәліметінше, тергеу бұл операцияны республиканың батысындағы Джамбуралия ауданындағы ғибадатханадан шыққан үш монах үйлестіргенін көрсетті. Қалған 19 адамды олар Facebook арқылы тартқан. Алдын ала деректерге сәйкес, жасы 30-ға толмаған жас монахтарға тегін әуе билеті, тұру және тамақтану уәде етілген. Оларға «мектеп оқушыларына арналған оқу материалдары мен тәттілерді тасымалдайсыңдар» деп айтылған.

Сондай-ақ, есірткіге қарсы күрес жөніндегі полиция бюросы Гампаха округінде болжамды ұйымдастырушыны да ұстады. Тергеу бұл топтың өткен айда 12 монахтың қатысуымен ұқсас операция жасағанын және жақын уақытта тағы бір сапар жоспарлағанын көрсетті.