Жаңалықтар

Өнер арқылы үндестік: Қазақстан–Ресей байланысының жаңа тынысы

Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Мәдени дәстүрлерді біріктіру және заманауи шығармашылық тәжірибелер: Қазақстан мен Ресейдің мәдени ынтымақтастығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті,— деп хабарлайды newsroom.kz

Жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев, сондай-ақ екі елдің музей, театр, білім беру және кино саласындағы кәсіби қауымдастық пен концерттік ұйымдарының өкілдері қатысты.
Аида Балаева Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста мәдени ынтымақтастықтың айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Оның айтуынша, тараптар бірлескен көрмелер ұйымдастырып, кинофестивальдер өткізіп, өнер ұжымдарының гастрольдерін жолға қойып келеді. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін бірлесе іздестіріп отыр.



«Кездесулеріміздің дәстүрлі сипат алып келе жатқаны өте маңызды. Осыдан бір жыл бұрын да осындай дөңгелек үстелде бас қосып, ынтымақтастықтың келешегін талқылаған едік. Бүгінде мәдениет саласының іс жүзіндегі барлық бағыты бойынша нақты нәтижелер туралы нық сеніммен айтуға толық негіз бар. Бұл музей және архив ісінен бастап, театрлар мен концерттік ұйымдар арасындағы байланыстарға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Мұның бәрі осындай диалогтың нақты нәтиже беретінін әрі мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды мазмұндық тұрғыдан байытып, кеңейтуге жол ашатынын көрсетеді. Бүгінгі кездесу де өзара ұстанымдарды тағы бір пысықтап, жаңа бастамалар ұсынуға және бірлескен іс-шаралар аясын кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді Аида Балаева.


Өз кезегінде Андрей Малышев те Ресей тарапы Қазақстанмен мәдени байланыстарды дамытуға ерекше мән беретінін айтты.

«Біз Қазақстанмен мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Бауырлас Қазақстан Ресейдің мәдениет қайраткерлерін ерекше ықыласпен қарсы алып келеді. Бұл екі елді ортақ мәдени кеңістік, рухани құндылықтардың сабақтастығы байланыстырып отырғанын тағы бір мәрте айғақтайды. Сондай-ақ, Ресейде өткен Қазақстан мәдениеті күндерін де ыстық ықыласпен еске аламыз. Ол маңызды оқиғаға айналып, шығармашылық байланыстарымыздың жоғары деңгейін танытты. Бүгін біз үшін алдағы жылдардағы өзара ықпалдастықтың келешегін талқылау аса маңызды. Әсіресе музей ісі, театр саласы, білім беру, кітапхана ісі және ынтымақтастықты нақты мазмұнмен байыта алатын өзге де бағыттар бойынша пікір алмасу қажет», – деді Андрей Малышев.