Жаңалықтар

Моңғолия Президенті жайында не белгілі?

Моңғолия Президенті Қазақстанға ресми іс-сапармен келді. Осы орайда Ухнаагийн Хурэлсух жайлы белгілі деректерді назарға ұсынамыз,— деп хабарлайды newsroom.kz

Ухнаагийн Хурэлсух 1968 жылы Моңғолияда дүниеге келген. Ұланбатыр қаласындағы №2 жалпы білім беретін мектепті тәмамдағаннан кейін, 1989 жылы Моңғолияның Қорғаныс университетін саяси зерттеулер мамандығы бойынша бітірген. Кейін Мемлекеттік басқару және менеджментті дамыту институтында мемлекеттік басқару саласын, сондай-ақ Моңғолия ұлттық университеті-де құқық мамандығын оқып, оларды тиісінше 1994 және 2000 жылдары аяқтаған.

Еңбек жолына келер болсақ:

• 2004–2006 жылдары Төтенше жағдайлар жөніндегі министр

• 2006–2008 жылдары Мемлекеттік инспекция министрі;

• 2014–2015 және 2016–2017 жылдары Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары болған;

• 2017 жылы Премьер-министр қызметіне тағайындалды.

Сондай-ақ, Ухнаагийн Хурэлсух 2021 жылдың маусым айында өткен президенттік сайлауда сайлаушылардың 72% дауысын жинап, жеңіске жетті.

Айта кетелік, бүгін Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.


– Біз – тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз, көшпенді халықтардың ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол – ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Халықтарымыздың өмір салты, әдет-ғұрпы өте ұқсас. Қазір де осы мәңгі құндылықтарды арқау етіп келеміз. Бүгінде ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында дамуда. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығаюда. Құрметті Президент мырза, Сіз екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып келесіз. Мұны жоғары бағалаймыз. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Моңғолияда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Былтыр еліңіздің экономикасы 6,8 пайызға өсті. Бұл Сіздің салиқалы басшылығыңыздың жемісі екені сөзсіз. Сіз халқыңыздың әл-ауқатын жақсарту үшін маңызды бастамаларды жүзеге асырдыңыз. Моңғолияда мемлекетті дамытуға арналған «Vision-2050» кешенді жоспары қолға алынғанын білеміз. Сондай-ақ Қарақорым атты жаңа қала салуды бастап кеттіңіздер. Бірегей жобалардың табысты болуына тілектеспіз. Сарабдал саясатыңыздың арқасында Моңғолияның халықаралық беделі арта түсті. Біз бауырлас елдің барлық жетістігіне қуанамыз, – деді Мемлекет басшысы.

– Араға жиырма жыл салып Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніме қуаныштымын. Сіздің осыдан екі жыл бұрын біздің елімізге жасаған мемлекеттік сапарыңыз моңғол-қазақ қарым-қатынастарын стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерді. Бұл уақиға екіжақты байланыстар тарихына алтын әріппен жазылатыны сөзсіз. Құрметті Президент мырза, Сіздің көреген, парасатты және жоғары кәсіби басшылығыңыздың арқасында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік салаларды дамытуда айтарлықтай табысқа жетті. Моңғол халқы еліңіздің жетістіктерін жіті бақылап отыр. 2024 жылғы Моңғолияға сапарыңыз барысында оннан астам құжатқа қол қойылды. Бүгін де бірқатар маңызды құжаттар қабылданады, – деді Моңғолия Президенті.