Екібастұзда дәрігер мен медбикеге шабуыл жасалды
Екібастұз қаласындағы травмпунктте болған жанжал салдарынан дәрігер мен медбике зардап шекті. Үш ер адам ұсталды.
Павлодар облысы полициясының мәліметінше, оқиға 12 сәуір күні таңертең болған. Ауруханаға медициналық көмек алу үшін келген ер адамды мас күйдегі екі танысы ертіп жүрген.
Алдын ала деректер бойынша, олар өздерін агрессивті ұстап, дәрігердің ескертуіне қарамастан ғимараттан шығудан бас тартқан. Кейін олар медицина қызметкеріне қол көтерген.
Жанжал кезінде дәрігер жарақат алып, араша түспек болған медбике де зардап шекті. Екеуі де ауруханаға жатқызылды.
Полиция қызметкерлері үш күдіктіні ұстады. Олардың екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалса, үшіншісі медициналық мекемеде күзетпен жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдіктілерге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.