2026 жылы Қазақстанда жаңа энергия нысандары іске қосылады
Қазақстанда биыл энергетика саласын күшейту мақсатында дәстүрлі және жаңартылатын көздерден жалпы қуаты 2,64 ГВт болатын жаңа нысандарды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар алдағы жылдары елдегі электр тапшылығын жоюға және тұрақты энергия профицитіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, іске асырылатын жобалар 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай электр энергиясының жетіспеушілігін толық шешуге ықпал етеді. Ал 2029 жылға қарай Қазақстан тұрақты энергия артықшылығына шығуды көздеп отыр.
Мемлекет басшысы өткен жылы елге 3,7 млрд киловатт-сағат электр энергиясы импортталғанын атап өтіп, жаңа генерация қуаттарын іске қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырған. Осыған байланысты 2026 жылы 4 бу-газ қондырғысы, 2 жел электр станциясы және 4 күн электр станциясы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, екі ірі электр станциясын кеңейту көзделген. Жалпы алғанда, бұл нысандар жылына шамамен 16 млрд киловатт-сағат электр энергиясын өндіре алады.
Энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуда қуаты 2,4 ГВт болатын бу-газ қондырғылары негізгі рөл атқарады. Оңтүстік өңірлерде бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Қызылорда облысында 240 МВт қуаттағы қондырғыны іске қосу жұмыстары жүргізілуде, ал Түркістан облысында 1 ГВт қуатты ірі нысанның құрылысы жалғасуда.
Алматы қаласында да ауқымды жаңғырту жұмыстары қолға алынған. ЖЭО-2 және ЖЭО-3 базасында жалпы қуаты 1,1 ГВт болатын заманауи бу-газ қондырғылары салынуда. Бұл жобалар мегаполисті сенімді әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған.
Өңірлік деңгейде де энергетикалық инфрақұрылым күшейтілуде. «Текелі энергия кешенінде» және Атырау жылу электр орталығында жаңа жабдықтар орнатылып, жалпы қуаты 60 МВт болатын қосымша генерация іске қосылады.
Сонымен қатар, «жасыл» энергетиканы дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Биыл жаңартылатын энергия көздері бойынша жалпы қуаты 245 МВт болатын жобалар іске қосылады. Қостанай облысында 50 МВт-тық «Aspan Energo» және 100 МВт-тық «Гиперборея» жел электр станциялары жұмысын бастайды. Ал Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай және Жетісу облыстарында жиынтық қуаты 92 МВт болатын күн электр станциялары іске қосылады. Бұдан бөлек, Түркістан облысында шағын су электр станциясы пайдалануға беріледі.
Жалпы алғанда, бұл жобалар Қазақстанның энергия теңгерімін әртараптандырып, энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.