Жаңалықтар

Креативті жастар – болашақ экономиканың драйвері

Қазақстанда шығармашыл жастардың әлеуеті артып, креативті индустрия ел экономикасының маңызды бағытына айналып келеді. Сарапшылардың айтуынша, мемлекет қолдауы мен жастардың бастамалары үйлесім тапса, ұлттық мәдениет жаһандық деңгейде жаңа қырынан танылады.

Қазіргі таңда елімізде креативті индустрия саласында 50 мыңға жуық субъект тіркелген. Олардың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында шоғырланған. Бұл сала тек мәдени бағыт емес, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың өсіміне серпін беретін толыққанды сектор ретінде қалыптасып келеді.

Мамандардың пікірінше, қазіргі жастардың экономикалық мінез-құлқы өзгеруде. Олар тұрақты табыспен қатар, икемді еңбек форматына, өзін-өзі дамытуға және шығармашылыққа басымдық береді. Сонымен бірге құндылықтар, жеке бірегейлік пен еңбектің мағыналық мазмұны маңызды рөл атқара бастады.

Соңғы деректерге сәйкес, креативті секторда 140 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл қатарға IT, сәулет, сән индустриясы, мәдени-демалыс мекемелері, музейлер, кітапханалар және қолөнер салалары кіреді. Елдің барлық өңірінде креативті хабтардың іске қосылуы да осы бағыттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Биыл креативті индустрия субъектілерін мемлекеттік қолдау қағидалары бекітіліп, саланы жүйелі дамытуға жол ашылды. Жаңа құжат жобаларды бастапқы идеядан бастап, оларды коммерцияландыру мен халықаралық нарыққа шығаруға дейін кешенді қолдауды көздейді.

Қаржылық қолдаумен қатар, кеңес беру, білім беру, акселерациялық бағдарламалар, халықаралық платформаларға шығу және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету шаралары да қарастырылған. Сонымен бірге зияткерлік меншікті қорғау, экспортты дамыту және халықаралық байқауларға қатысуға мүмкіндік беретін тетіктер енгізілген.

Сарапшылардың бағалауынша, креативті индустрияны дамыту – елдің экономикалық әртараптануына ғана емес, ұлттық брендті қалыптастыруға да ықпал етеді. Ал жастардың бұл саладағы белсенділігі Қазақстанның болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналып отыр.