Жаңа Конституцияда дін мен мемлекет нақты ажыратылған
Қазақстанның жаңартылған Конституция жобасында зайырлылық қағидаты бекітіліп, отбасы қатынастарының негіздері айқындалды. Бұл туралы Конституциялық комиссия отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, құжатта дін мен мемлекет ара-жігі нақты ажыратылып, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқын көрсетілген. Мұндай тәсіл жастардың дүниетанымын кеңейтіп, көпұлтты қоғамдағы келісімді нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар жобаға сәйкес, неке ер мен әйелдің ерікті таңдауы мен тең құқығына негізделген одақ ретінде белгіленген. Бұл норма отбасы институтын нығайтуға, дәстүрлі құндылықтарды қорғауға және әйелдердің құқықтарын күшейтуге бағытталған.