Ауғанстандағы су тасқыны: Қаза тапқандар саны 110-ға жетті
Ауғанстанда нөсер жаңбырдан туындаған су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 110 адамға жетті,— деп хабарлайды newsroom.kz
«Нөсер жаңбыр салдарынан 110 адам қаза тапты, 160 адам жарақат алды, тағы 7 адам із-түзсіз жоғалды», – делінген хабарламада.
Табиғи апат 11 күн бойы жалғасып жатыр. Билік мәліметінше, салдарынан 958 тұрғын үй толық қирап, тағы 4155 үй жартылай зақымданған. 356 шақырымнан астам жолды су шайып кеткен, шамамен 6,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері су астында қалған. Сондай-ақ суару арналары мен су құбырлары бүлінген.
Билік өкілдері зардап шеккен аймақтарға жедел көмек жіберіп, тұрғындарды су басу қаупі бар аумақтар мен өзен жағалауларынан аулақ болуға шақырды.
Ауғанстанның метеорологиялық қызметтері алдағы күндері жауын-шашын жалғасатынын ескертіп, бұл елдің таулы және осал өңірлерінде жаңа су тасқындары қаупін күшейтетінін хабарлады.