Биыл Қазақстан Германияға 2,5 млн тонна мұнай жеткізуді жоспарлауда
Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Бавария (Германия) федералдық жерінің Еуропа және халықаралық ынтымақтастық істері жөніндегі министрі Эрик Байсвенгермен кездесу өткізді. Кездесу барысында энергетика саласындағы, соның ішінде қазақстандық мұнай жеткізілімдерін қамтитын Қазақстан мен Бавария арасындағы ынтымақтастықты нығайту және кеңейту мәселелері талқыланды,— деп хабарлайды newsroom.kz
Ерлан Ақкенженов Қазақстан мен Германия арасындағы өзара іс-қимылдың жүйелі әрі көпсалалы сипатқа ие екенін атап өтті. Ынтымақтастық дәстүрлі энергетика, мұнай өңдеу, машина жасау, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту, сондай-ақ «жасыл» сутегі сияқты перспективалы бағыттарды қамтиды.
Кездесу барысында Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына қазақстандық мұнай жеткізуге ерекше назар аударылды. Бұған дейін қол жеткізілген келісімдердің арқасында «Дружба» мұнай құбыры арқылы тасымалдау көлемі тұрақты өсім көрсетуде: 2023 жылы 1 млн тоннадан асса, 2025 жылы 2,1 млн тоннаға жеткен. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 2,5 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Өнеркәсіптік ынтымақтастық аясында Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртудағы Siemens Energy компаниясының рөлі атап өтілді. Атап айтқанда, Алматы ЖЭО-2-ні қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Жоба шеңберінде газтурбиналық жабдықтар жеткізіліп, орнатылып жатыр, сондай-ақ қазақстандық мамандар оқытылуда. Сонымен қатар, Түркістандағы бу-газ қондырғысын салу жобасы бойынша да осындай әріптестік жүргізілуде.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – жаңартылатын энергия көздерін дамыту. Германияның Goldbeck Solar GmbH және Solarnet Investment GmbH компаниялары Қарағанды облысында жалпы қуаты 176 МВт болатын күн электр станциялары жобаларын іске асыруда.
Маңғыстау облысында жүзеге асырылатын HYRASIA ONE жобасы стратегиялық маңызға ие. Бұл жоба «жасыл» сутегі мен аммиак өндіруді көздейді. Жоба аясында жалпы қуаты 40 ГВт-қа дейін жететін жел және күн электр станцияларын, сондай-ақ қуаты 20 ГВт-қа дейінгі электролизер кешенін салу жоспарланған. Нәтижесінде жылына 2 млн тоннаға дейін сутегі өндіру мүмкіндігі қарастырылған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласындағы екіжақты әріптестікті одан әрі тереңдетуге өзара мүдделі екенін растады. Сондай-ақ бұл ынтымақтастықтың жаһандық энергетикалық көшу және тұрақты даму мақсаттарына сай келетіні атап өтілді.