Аймақтар

Джеки Чан ойнайтын фильм үшін Қазақстанда алып павильон салынуда

4 сәуірде Алматы облысының Қаскелең қаласында Salem Entertainment пен Dala Edge Creative Tech Park инновациялық паркі арасындағы серіктестік жобасы аясында жеке қаражат есебінен 2000 шаршы метр және 1000 шаршы метрді құрайтын алғашқы заманауи киностудиялардың құрылысының басталуына арналған уақыт капсуласын тапсыру рәсімі өтті,— деп хабарлайды newsroom.kz

Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев, сондай-ақ Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум франшизасының бас атқарушы продюсері Ли Чиу Ва қатысты.
 
Марат Елеусізұлы құттықтау сөзінде бұл нысан еліміздің мәдениеті мен экономикасы үшін аса маңызды жоба екенін айтты.

«Қазіргі заман – ақыл-ой мен таланттың, озық технология мен жаңа идеялардың дәуірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев креативті экономиканы ілгерілету арқылы ел дамуының жаңа көкжиегін ашуды стратегиялық міндет ретінде айқындаған болатын. Осы бағыттағы игі шараға бәріміз бірге куә болудамыз.
 «Dala Stage Creative Tech Park» сияқты кәсіби павильондардың салынуы – жай ғана ғимарат тұрғызу емес. Біз ұлттық кодты соңғы цифрлық технологиялар жетістігімен үйлестіретін жаңа индустрияның іргетасын қалап жатырмыз. Жоба әлемге танымал мектептер, студиялармен бірлесе отырып іске асырылады. Бұл өзара тәжірибе алмасуға және кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Алматы облысына еліміздің барлық өңірінен талантты жастар топтасып, шығармашылық орта қалыптасады.
Қазіргі таңда кино саласы ауқымды декорация мен жоғары технологияны талап етеді. Dala Stage Creative Tech Park біздің мамандарға әлемнің үздік студияларымен тең дәрежеде сынға түсуге жағдай жасайды»,– деді облыс әкімі.

Сонымен қатар кинопавильонда түсірілген әрбір фильм мен жоба ұлттық құндылығымызды дәріптеп, еліміздің абыройын асқақтата берсін деген тілегін арнады.


 
Болашақ павильондар орнында түсірілетін алғашқы жоба басты рөлді экшн жұлдызы Джеки Чан орындайтын «Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум» фильмі болмақ.

«Осыдан жарты жыл бұрын ғана біз бұл жобаны жоспарлап, талқылап жатқан едік, бізге оның қандай болатынын айтты. Міне, бүгін осының бәрі өмірге келе бастаған сәт туды. Павильон құрылысы бойынша ауқымды жұмыстардың басталғанын көріп отырмыз және бұл өте көңілге қуаныш ұялатады. Джеки Чан барша қазақстандықтарға өзінің ыстық сәлемін жолдап, жобаның өркендеуін тілейді» - деді өз сөзінде Ли Чиу Ва.