Алматыда өрт: бір датчик 8 адамның өмірін аман алып қалды
Бүгін Алматы қаласында көпбалалы отбасының үйінде өрт болды. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді,—деп хабарлайды newsroom.kz
МӘН-ЖАЙЫ
Таңертең ерте Алматыдағы Новгородская көшесінде орналасқан үйден өрт шыққан. Өрт туралы хабар ТЖД пультіне түскеннен кейін бес минут ішінде өрт сөндірушілер оқиға орнына жетті.
Өрт үйдің төбе жабындарын шарпыған. Барак үлгісінде, тез жанғыш материалдардан салынған үйде жалынның тез таралу қаупі жоғары болған.
Қайғылы жағдайдың алдын алуда өрт датчигі шешуші рөл атқарды. Ол 2025 жылдың қазан айында орнатылған болатын. Датчик тұрғындарды дер кезінде оятып, жедел қызметтерді шақыруға мүмкіндік берген. Соның арқасында өрт жылдам оқшауланды.
Алматы қалалық ТЖД-ның аға инженері Ринат Кусаиновтың айтуынша, бұған дейін департамент қызметкерлері әкімдік және газ қызметі өкілдерімен бірге профилактикалық тексеру жүргізіп, осы үйге датчик орнатып, отбасы мүшелеріне қауіпсіздік бойынша нұсқаулық берген.