Қаржы

Инфляция әсері: Қазақстанда халықтың нақты табысы төмендеген

Инфляцияның әсерінен Қазақстанда 2025 жылы халықтың нақты табысы 1,1%-ға төмендеді. Бұл ретте экономика мен номиналды табыстардың өсуі байқалған,— деп хабарлайды newsroom.kz

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларының қорытындысы бойынша халықтың нақты табыс индексі өткен жылмен салыстырғанда 98,9%-ды құрады. Бір адамға шаққандағы орташа табыс 238 070 теңгеге жетіп, номиналды түрде 10,2%-ға артқан.

Министрліктің атап өтуінше, нақты табыстың төмендеуі экономикалық өсімнің халықтың әл-ауқатына толық әсер етпей отырғанын көрсетеді.

«Жалақы өсімі бизнес табысына қарағанда баяу жүріп жатыр, бұл ЖІӨ өсімі мен халық табысы арасындағы алшақтықты қалыптастырады», – деп түсіндірді ведомство.

Бағалаулар бойынша, көптеген компаниялар жалақыны 10%-дан артық көтермейді немесе бұрынғы деңгейде қалдырады. Бұл жағдай нақты табыстың өсуін шектеп отыр.

Министрлік сондай-ақ құрылымдық мәселеге назар аударды: Қазақстанда ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі шамамен 31%-ды құрайды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40%-дан асады.

Халық табысы тек жалақыдан ғана емес, әлеуметтік төлемдерден де құралады. 2025 жылдың IV тоқсанының қорытындысы бойынша табыстың құрылымында жалдамалы емес жұмыстан түсетін кіріс – 8,3%, зейнетақы – 17,9%, жәрдемақылар – 3,3% болды.

Министрлік халық табысын арттыруға бағытталған шаралар үкіметтің жаңартылған бағдарламасында қарастырылғанын атап өтті. Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсіп, ЖІӨ көлемі 300 миллиард доллардан асты.