Жаңалықтар

Ұласбек Сәдібеков мүгедектігі бар балаларға қолдау мәселесін Мәжілісте көтерді

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Ұласбек Сәдібеков мүгедектігі бар балалар мен олардың отбасыларына арналған әлеуметтік қолдаудың жүйелі мәселелеріне назар аударды.

Депутат өз сөзінде қазіргі уақытта арнайы оңалту орталықтарының саны жеткіліксіз екенін, инклюзивті білім беруге бейімделген мектептер мен балабақшалардың аз екенін, сондай-ақ логопед, дефектолог сияқты білікті мамандар тапшылығы бар екенін айтты.

Мысалы, тек Түркістан облысында ерекше білім беруді қажет ететін 20 мыңнан астам бала есепте тұр, олардың саны жыл сайын артып келеді. 2022 жылмен салыстырғанда мүгедектігі бар балалар саны 612-ге өскен. Сонымен қатар, аймақтағы емханаларда педиатр дәрігерлердің штаты қысқартылған, бұл әсіресе ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін елеулі қиындықтар туғызады.

Ұ. Сәдібеков әлеуметтік қызметтердің біркелкі қолжетімді еместігін де атап өтті. Көптеген ата-аналар балаларына қажетті емшаралар үшін жекеменшік орталықтарға жүгінуге мәжбүр. Балаларға массаж, логопедиялық көмек, адаптивті және емдік дене шынықтыру сияқты күнделікті қызметтер қажет, бірақ мемлекеттік орталықтар саны аз, кезек күту мерзімі жылдарға созылады.

Депутат Үкіметке мамандардың жалақысын арттыру, педиатрларды қайта тарту, оңалту орталықтарының санын көбейту, инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту, күтушілерге берілетін әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және мүгедектігі бар балаларға төленетін жәрдемақы көлемін қайта қарау бойынша ұсыныстарын жолдады.