Сараптама

Дабыл! Еліміздің демографиясы кейінгі 18 жылда түсіп кеткен

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда демографиялық өсім баяулап, туу көрсеткіші соңғы 18 жылдағы ең төмен деңгейге жетті. Статистикаға сәйкес, жаңа туған сәбилер саны бір жылда шамамен 10 пайызға қысқарған,— деп хабарлайды newsroom.kz 

2025 жылғы негізгі демографиялық көрсеткіштер:

• Туу саны: 365 923-тен 329 637-ге дейін төмендеді (−9,92%);

• Өлім саны: 132 900-ден 133 214-ке дейін өсті (+0,24%);

• Табиғи өсім: 233 078 адамнан 196 423 адамға дейін қысқарды;

• Жалпы туу коэффициенті (СКР): 2,83-тен 2,51 балаға дейін төмендеді;

• Табиғи өсім мен туу коэффициенті 2007 жылдан бергі ең төмен деңгейде.

Соған қарамастан, қазіргі 2,51 деңгейі халықтың қарапайым ұдайы өсуіне қажет 2,08 көрсеткішінен әлі де жоғары. Дегенмен динамика төмендеу бағытында қалыптасып отыр. Сонымен қатар, жаңа туғандар саны 2008 жылғы деңгейден де төмен түсті.

Ұзақ мерзімді демографиялық динамика

Қазақстанда демографиялық өтпелі кезең кеңестік кезеңнің соңында-ақ байқалған. 1990 жылдардың басында жиынтық туу коэффициенті шамамен 2,7 деңгейіне дейін төмендеген, бұл Орталық Азия үшін салыстырмалы түрде төмен көрсеткіш саналды. Соған қарамастан, табиғи өсім ұзақ уақыт бойы жылына шамамен 300 мың адам деңгейінде сақталды. Жаңа туғандар саны 1950 жылғы 254 мыңнан 1987 жылы 417 мыңға дейін өсті.

1990 жылдары экономикалық дағдарыс пен көші-қон үдерістерінің күшеюі туу көрсеткішіне әсер етті. Табиғи өсім шамамен 70 мың адамға дейін төмендеп, жиынтық туу коэффициенті ұдайы өсім деңгейінен төмендеп, 1,8 шамасына дейін түсті.

2000 жылдардан бастап экономикалық жағдайдың жақсаруы, әлеуметтік тұрақтылық және көпбалалы отбасылар үлесінің сақталуы нәтижесінде туу көрсеткіштері қайта өсе бастады. 2021 жылы жаңа туғандар саны рекордтық 446 мыңға жетіп, жиынтық туу коэффициенті 3,32 бала деңгейіне дейін көтерілді.

Соңғы жылдардағы тренд

Алайда соңғы төрт жылда кері динамика байқалады. Осы кезеңде жиынтық туу коэффициенті 0,81 пунктке төмендеп, жаңа туғандар саны шамамен 117 мыңға азайды. Сарапшылар бұл үрдісті урбанизацияның күшеюі, жастардың білім деңгейінің артуы, некеге тұру жасының ұлғаюы және өмір салтының өзгеруімен байланыстырады.

Сонымен бірге, Қазақстанда көпбалалы және көпбуынды отбасы институтының сақталуы туу көрсеткішінің күрт құлдырауына жол бермеуі мүмкін. Сондықтан демографиялық өсім баяулағанымен, дамыған елдермен салыстырғанда салыстырмалы түрде жоғары деңгейде қалуы ықтимал.