Жаңалықтар

Дағыстанда жойқын су тасқыны: Үйлерді су басты

Дағыстанда (Ресей Федерациясы) нөсер жаңбырдың салдарынан күшті су тасқыны болды. Салдарынан үйлерді су басты,— деп хабарлайды newsroom.kz

Ең күрделі жағдай Махачкала қаласында қалыптасты. Мұнда 60 мыңнан астам адам жарықсыз қалды.

Республика астанасында ондаған үйді су басып, электр энергиясымен қамтуда үзілістер тіркелді. Ал Дербентте өзендер арнасынан асып, жолдарды су басты. Таудан аққан су тасқындары көліктерді аударып жіберген.

Хасавюрт қаласында табиғи апат салдарынан теміржол көпірі қирады. Осыған байланысты пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылды. Төтенше қызметтер күшейтілген режимге көшті. Коммуналдық қызметтер қазірдің өзінде қолайсыз ауа райының салдарын жою жұмыстарын бастап кетті.

Аймақта бір тәулікте 50 миллиметрден астам жауын-шашын түсіп, ғасыр бұрынғы рекорд жаңарды. Бұл көрсеткіш 1919 жылдың наурыз айындағы тарихи максимумнан асып түсті. Соның салдарынан жол қозғалысы іс жүзінде тоқтап, жаяу жүргіншілер жұмысқа жету үшін айналма жолдарды пайдалануға мәжбүр.