Әлем

Өзбекстан жаңа қаржы дәуіріне қадам басты: Ташкентте халықаралық қаржы орталығы ашылады

Өзбекстан билігі Ташкент халықаралық қаржы орталығын құрып, цифрлық технологиялар экожүйесін дамыту мен исламдық қаржыландыруды енгізуді көздейді. Жоба ел экономикасына жаңа серпін бермек.

25 наурызда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Ташкент халықаралық қаржы орталығын құру, Enterprise Uzbekistan цифрлық технологиялар орталығын іске қосу және банк секторына исламдық қаржы құралдарын енгізу жобаларын таныстырды.

Жоспарға сәйкес, Ташкент халықаралық қаржы орталығы ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген арнайы құқықтық режиммен жұмыс істейді. Мұнда халықаралық коммерциялық сот пен арбитраж орталығы құрылып, инвесторларға кең мүмкіндіктер ұсынылады.

2030 жылға дейін бұл орталық арқылы 20–25 млрд доллар инвестиция тарту, ЖІӨ өсімін жыл сайын 1%-ға арттыру және мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр.

Сонымен қатар, Enterprise Uzbekistan цифрлық технологиялар орталығы іске қосылады. Бұл алаң жасанды интеллект, стартаптар, R&D және деректерді өңдеу бағыттарын біріктіретін ірі хабқа айналмақ. Орталықта арнайы құқықтық режим енгізіліп, компанияларға икемді еңбек шарттары мен инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге мүмкіндік беріледі.

2030 жылға қарай мұнда 1000-нан астам компания жұмыс істеп, 300 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, елде исламдық банкинг жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Жаңа модель аясында мурабаха, мушарака және исламдық лизинг секілді қаржы құралдары қолданысқа енгізіледі.

Бұл бағытта салықтық жеңілдіктер қарастырылып, инвесторлар үшін тартымды орта қалыптастыру көзделген. Сонымен қатар, Орталық банк жанынан арнайы исламдық қаржы кеңесі құрылмақ.

Президент бұл бастамалардың барлығы Өзбекстанда заманауи қаржы және технологиялық экожүйені қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті.