Әлем

Даму мен жаңғыру: Қытайдағы маңызды саяси кезең

Көктемнің келуімен Қытайда дәстүрлі түрде елдің болашақ даму бағытын белгілейтін маңызды саяси оқиғалар — «екі сессия» өтеді.

Көктем — жаңару мен жаңа мүмкіндіктердің кезеңі. Қазақстанда бұл уақытта Наурыз мерекесі атап өтіледі. Ал Қытайда дәл осы кезеңде елдің саяси өміріндегі маңызды оқиғалар — Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы мен Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесінің отырыстары өтеді.

«Екі сессия» мемлекеттік саясатты қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Бұл жиындарда әртүрлі өңірлер мен салалардың өкілдері маңызды мәселелерді талқылап, ұсыныстар енгізеді және стратегиялық құжаттарды бекітеді. 2026 жылы Үкіметтің есебі, 15-бесжылдықтың негізгі бағыттары және бірқатар маңызды заңдар қабылданды.

Қытай экономикасы тұрақты өсімін жалғастырып келеді. Әлемдік сын-қатерлерге қарамастан, ел экономикалық дамудың жаңа сапалы кезеңіне өтуде. 2025 жылы экономиканың жалпы көлемі 140 триллион юаньнан асты, ал ЖІӨ өсімі 5%-дан жоғары болды. Халықтың табысы артып, урбанизация деңгейі өсіп, инновациялық даму қарқынды жүргізілуде.

14-бесжылдық табысты аяқталып, алдағы жаңа кезеңге берік негіз қаланды. 2026 жылдан бастап 15-бесжылдық жүзеге асырыла бастады. Оның басты бағыты — сапалы даму, технологиялық тәуелсіздік, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру және экологиялық тұрақтылық.

Қытай халықаралық ынтымақтастықты да белсенді дамытып келеді. Ел ашықтық саясатын ұстанып, өзара тиімді әріптестікке және көпжақты ынтымақтастыққа ерекше мән береді. Сонымен қатар, жаһандық экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Қазақстанмен қарым-қатынас та жаңа деңгейге көтерілді. Соңғы жылдары екі ел арасындағы сенім нығайып, экономикалық және мәдени байланыстар кеңейіп келеді. Сауда көлемі өсіп, визасыз режим халықтар арасындағы байланысты одан әрі күшейтті.

Қытай мен Қазақстан стратегиялық серіктес ретінде болашаққа бірге қадам басып, ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Көктемгі жел жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда — дәл қазір алға жылжудың ең қолайлы уақыты.

Автор: ҚХР-дың ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь