Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: әйел қаза тапты
Алматы қаласындағы ең ірі әрі кең магистральдардың бірінде адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы әлеуметтік желілерде хабар тарады. Ақпаратты қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады,— деп хабарлайды newsroom.kz
Жол апаты болған жерден түсірілген фото және видеолар бүгін, 26 наурыз 2026 жылы, Instagram желісіндегі пабликтердің бірінде жарияланды.
Алматы полициясының мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 25 наурыз күні сағат 22:50 шамасында болған.
«Mitsubishi Delica маркалы автокөліктің жүргізушісі әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, Розыбакиев көшесімен қиылыста жолды солтүстік бағытта кесіп өтпек болған жаяу жүргінші әйелді қағып кеткен. Апат салдарынан жаяу жүргінші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты Алматы қалалық ПД анықтау басқармасы қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.