Түркияның Измир қаласында туып-өскен түрік қызы Зейнеп Жұмадолда қазаққа келін болып отыр. Айтуынша, қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын деп мүлдем ойламаған. Алайда түсіне Қазақстанның желбіреген туы кіріп, аян беріпті. Содан кейін қазақ тіліне ғашық бола бастаған. Бірақ Зейнептің қазақ жігітіне тұрмысқа шыққанына кейбір түрік азаматтары ерсі сөздер жазатын көрінеді. Мұны түрік қызы қате пікір екенін және Алла не жазса сол болатынын айтады. Ол Қазақстанға алғаш келгендегі сезімі және ата-анасының тұрмысқа шығуына қарсы болғаны туралы әңгімелеп берді.
«Көшеде тұрып такси тоқтату ерсі көрінді»: Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан түрік қызы Қазақстандағы өмір туралы айтты
- Зейнеп, Қазақстанға деген махаббатыңыз қалай ашылды? Не түрткі болған еді?
- Қазақ тілін үйрену алғаш Қайрат Нұртастың әнін тыңдағаннан басталды. Youtube каналынан бейнебаяндарын көретінмін. Содан бастап қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім арта түсті. Маған өте жақын тіл екенін сезіне бастадым. Осыдан кейін қазақстандық барлық әншілердің әнін тыңдап шықтым. Фейсбук арқылы өзіме қазақ достар таптым. Кейіннен бір түс көрдім. Түсімде биік жерге шығып жатыр екенмін. Қарасам, сол жерде үлкен бір көк ту желбіреп тұр. Оған дейін оның Қазақстан туы екенін білмейтінмін. Тудың ар жағынан жарық сәуле түсіп тұр екен. Біраз уақыт өткен соң интернеттен қарасам, түсімдегі Қазақстанның туы болып шықты. Сол кезде таңқалдым. Содан қазақ тілін терең үйрене бастадым.
- Қазақ тілін қалай меңгеру қиын болмады ма?
- Маған сіздердегі кирилл алфавитін үйрену қиынға соқты. Ал негізі тіліміз ұқсас болып келеді. Кішкене ғана айырмашылықтар бар. Сол себептен тіл меңгеруде аса қиыншылық болмады. Менің оқыған мамандығым – әдебиет. Оқуда қазақ тілі сабағым болған. Сол жерде де біраз үйренгендерім болды.
- Қазақстанға алғаш келгенде қандай әсерде болдыңыз?
- Алғаш Алматы қаласына келгенімде, кеудемді бір қуаныш кернеді. Бір қызығы, басқа мемлекетке емес, Түркияның бір қаласына келгендей сезімде болдым. Биік таулары, кең жолдары ұнады. Ауа –райы керемет, тыныш. Адам көп емес. Осы жағы қатты ұнады. Көк-Төбеге барып, Алматыны жоғарыдан көргенде кәдімгідей қалаға ғашық болып қалдым. Ал негізі Астана қаласында тұрдым. Ол жақта ештеңе жоқ. Үнемі жел болып тұрады екен.