Жаңалықтар

Әлемдегі ең бақытты елдер белгілі болды

Алғашқы ондыққа алты еуропалық мемлекет кіргенімен, зерттеушілер әлем бойынша әлеуметтік желілер жастардың бақыт сезіміне кері әсер етіп жатқанын ескертеді,— деп хабарлайды newsroom.kz

Финляндия тоғызыншы жыл қатарынан әлемдегі ең бақытты елдер рейтингінің көшін бастап тұр. Оның артынан Исландия, Дания және Коста-Рика келеді. Бұл туралы World Happiness Report 2026 баяндамасында айтылған.

Ал алғашқы алтылықты Швеция мен Норвегия түйіндейді. Бұдан кейінгі ондыққа Нидерланд, Израиль, Люксембург және Швейцария енген.

Коста-Риканың төртінші орынға көтерілуі – Латын Америкасы елдері үшін рейтинг тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды.

Екінші жыл қатарынан ағылшын тілінде сөйлейтін бірде-бір ел алғашқы ондыққа енген жоқ. Бұл елдер арасындағы ең жоғары нәтиже Жаңа Зеландияға тиесілі – ол 11-орында. Одан кейін Ирландия 13-орында, ал Австралия 15-орында тұр.

Косово, Словения және Чехия алғашқы жиырмалыққа кірді.

Баяндама авторларының айтуынша, жалпы алғанда көптеген батыс индустриялық елдердегі адамдар 2005–2010 жылдармен салыстырғанда қазір өздерін азырақ бақытты сезінеді. Сонымен қатар әлемнің барлық аймақтарында жағымсыз эмоциялар жиілеп бара жатқаны байқалады.

Еуропада бақыт деңгейі біртіндеп теңесіп келеді: Орталық және Шығыс Еуропа елдері бұл көрсеткіш бойынша алшақтықты қысқартып жатыр. Алайда Батыс Еуропада, Ұлыбритания мен Ирландияда жастар өз өміріне қанағаттану деңгейінің төмен екенін, тіпті ол үлкен буынмен салыстырғанда да аз екенін айтады.

2006–2010 жылдармен салыстырғанда өмірге қанағаттану деңгейі ең көп өскен елдердің көбі Орталық және Шығыс Еуропада орналасқан. Олардың қатарында Сербия, Болгария, Латвия және Босния және Герцеговина бар.

Рейтинг әр ел тұрғындарының өмір сапасын қалай бағалайтынын көрсететін соңғы үш жылдағы орташа көрсеткіштер негізінде жасалады.

Содан кейін сарапшылар елдер арасындағы айырмашылықтарды түсіндіру үшін бірнеше көрсеткішті талдайды. Олардың ішінде жан басына шаққандағы ЖІӨ, дені сау өмір сүру ұзақтығы, сенім артуға болатын адамдардың болуы, еркіндік сезімі, жомарттық деңгейі және сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі бар.