Қазақстанда AI серпіні: Esil University-де цифрлық аллея ашылды
Esil University-де Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында цифрлық аллея мен жасанды интеллект және цифрлық технологиялар зертханалар кешені ашылды,— деп хабарлайды newsroom.kz
Іс-шара университет басшылығын, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдерін, серіктестерді, оқытушылар мен студенттерді бір алаңға тоғыстырды.
Қонақтарға 4 зертхана таныстырылды. Олардың қатарында заманауи 3D-принтерлер мен Arduino жиынтықтарымен жабдықталған
«Робототехника және 3D-технологиялар» зертханасы; интеллектуалды бейнебақылау жүйелері мен бейнедеректерді талдау оқытылатын «HIKVISION Lab» оқу зертханасы; цифрлық схемотехника, микроконтроллерлер және өлшеу жүйелерін зерттеуге бағытталған «Arduino and Digital Circuit Engineering, NI Instruments Laboratory» зертханасы; сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге білім ресурстарына қолжетімділік беретін Цифрлық инклюзия орталығы бар.

Құттықтау сөзді экономика ғылымдарының докторы, профессор, ректор Аяпберген Таубаев сөйледі. Оның айтуынша, цифрлық аллеяның ашылуы студенттер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады:
«Бүгінде біз заманауи білім беру ортасын қалыптастырып жатырмыз. Бұл ортада студенттер тек білім алып қана қоймай, өз жобаларын жүзеге асырып, озық технологиялармен жұмыс істеп, цифрлық экономикада сұранысқа ие дағдыларды дамыта алады», – деп атап өтті ректор.
Қатысушыларға 3D-модельдеу және Arduino негізінде бағдарламалау бағытындағы цифрлық шешімдердің жұмыс істеуінің практикалық көрсетілімдері ұсынылды.
Іс-шара аясында сондай-ақ EsU IT Project Fest 2026 байқауының қорытындылары шығарылды. Байқауда студенттер жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы жобаларын таныстырды. Жеңімпаздар үздік әзірлемелер, прототиптер және презентациялар үшін дипломдармен және арнайы номинациялармен марапатталды.
Салтанатты бөлім мерекелік бағдарламамен жалғасын тапты: ашылу құрметіне қонақтарға концерт ұйымдастырылды. Наурыздың ерекше атмосферасын дәстүрлі дәмдер толықтырды - барлық қатысушыларға наурыз көже мен бауырсақ таратылды.