Ауыз су мәселесінің серпіні қандай?
Ауыз су мәселесінің маңызы күн санап артып келеді,— деп хабарлайды newsroom.kz
"Осы апта қол тиіп, ресейлік тарихшы әрі радиожурналист Венедиктовтің Даниил Смирнов есімді подкаст тілшісіне берген сұхбатын көріп қалдым.
Бәленбай жыл мектепте тарихтан сабақ беріп, «Эхо Москвы» радиосында неше жыл жұмыс істеп, түрлі сұхбаттар мен саяси шешімдерге әсер еткен Венедиктов шынымен де қызық спикер екен.
Қазір ақпараттың дамығаны соншалық, оны іздеудің қажеті жоқ, оған миды дұрыстап дайындау керек дейді. Әлем бұрынғыдай болмайды, күніге бір жаңалық дейтін біздің кейіпкеріміз Трамптың орынбасары Джей Ди Вэнсті ұдайы қадағалап отырады екен.
Вэнс шынымен де қазір өте қызық саяси тұлғалардың бірі болып отыр. Былтыр орысшаға аударылған кітабын оқып, киносын да көріп ем. Біздің түсінікке салсақ, басшысының қателіктерін түзеп, сол арқылы плюсқа шығып кететін орынбасарлардың бірі болуы мүмкін дегенге келтірді Венедиктов.
Айтайын дегенім – таза ауыз суын сату алдағы уақыттарда алтын сатудан да асып, оның құны ураннан да құдіретті болмақ деген А.Венедиктовтің осы тұсын мұқият тыңдау қажет. Ресей осыған қазір дайындалу үстінде. Біздер оны көрмей отырмыз деген спикердің сұңғылалығына тәнті болдым.
Орталық Азия елдері үшін де су дегеніңіз 2040 жылдарға қарай күн тәртібіндегі бірінші мәселеге айналғалы тұр. Күніге көлігіме бензин құюға барғанда бір литр бензин мен бір литр «Тассайдың» бағасын салыстырып мырс ете қалушы ем...
Жуырда мәслихат депутаттарымен кездескен Мемлекет басшысы осы су мәселесіне арнайы тоқталып, бірнеше абзац арнады. Ақорданың телеграм арнасын оқып отырып, суға қатысты айтылған тұстарын сақтап алып едім. Байқасақ, бұл енді жай ғана коммуналдық немесе шаруашылық мәселе емес, стратегиялық ресурс туралы әңгіме.
Венедиктовқа қайта оралсақ, көршілес екі ел арасындағы келіссөзге қатысып, 18 тұтқынды қалай алмастырғанын айтады. Келіссөздің қаншалықты күрделі процесс екенін, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Песков досы болса да, түрлі мәселелер шыққан да қалай жол тапқанын айтып отырды.
Мына біз жазып отырған су мәселесі – алдағы онжылдықтарда экономикаға да, саясатқа да, қауіпсіздікке де тікелей әсер ететін факторға айналатын сияқты...".