Қазақстаннан кеткендердің саны бір жылда 40,2%-ға азайды
Қазақстанда қатарынан үшінші жыл көші-қонның оң сальдосы сақталып отыр. 2025 жылы елге 23 761 адам келген, ал 7 608 адам кеткен. Сыртқы көші-қонның оң сальдосы 16 153 адамды құрады,— деп хабарлайды newsroom.kz
2024 жылмен салыстырғанда Қазақстаннан кеткендердің саны 40,2%-ға азайған, ал елге келгендер саны 18,9%-ға төмендеген. Негізгі көші-қон алмасуы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен жүзеге асады. Олардың үлесіне барлық келгендердің 81,8%-ы, кеткендердің 71,8%-ы тиесілі.
Басқа елдердің ішінде Қазақстанға ең көп адам Қытай, Моңғолия және Германия мемлекеттерінен келген. Ал Қазақстан азаматтары көбіне Германия, Польша және АҚШ елдеріне қоныс аударған.
Өңірлер бойынша тұрақты тұру үшін ең көп адам Алматы облысына – 5 754 адам, Алматы қаласына – 4 068 адам, сондай-ақ Маңғыстау облысына – 3 562 адам келген.
Ал елден ең көп кеткендер Қарағанды облысында – 1 451 адам, Алматы қаласында – 757 адам, және Шығыс Қазақстан облысында – 685 адам болып тіркелген.
Шетелге кеткендердің де, келгендердің де негізгі бөлігі 35–39 жас аралығындағы адамдар. Келгендер мен кеткендердің арасында техникалық және экономикалық білімі бар адамдар басым.