Аймақтар

Референдум қарсаңында: Алматыда тәуелсіз байқаушылардың екінші брифингі өтті

Бүгін Алматы қаласында республикалық референдум өткізу кезеңіндегі жұмысты ұйымдастыруға арналған тәуелсіз байқаушылардың Ақпараттық штабының екінші брифингі өтті,— деп хабарлайды newsroom.kz

Брифинг барысында штаб жұмысының белсенді кезеңге өткені жарияланды. Ақпараттық алаң 14 наурыздан бастап жұмыс істейді және референдум өтетін күн бойы, сондай-ақ дауыс беру қорытындылары толық шығарылғанға дейін қызметін жалғастырады.

Штабтың негізгі міндеті қандай?

Штабтың негізгі міндеті – дауыс беру барысы туралы азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын жедел ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ болып жатқан үдерістер жөнінде объективті ақпараттық көрініс қалыптастыру. Сонымен қатар келіп түсетін ақпаратты тексеруге және жалған хабарламалар мен фейк ақпараттардың таралуына жол бермеуге ерекше назар аударылады.

Штаб жұмысының трансляциялары мен ақпараттық қосылымдар Independ.kz YouTube арнасында көрсетіледі. Штаб жұмысына қатысты анонстар, жаңалықтар және жедел ақпарат Алматы қаласының Қоғамдық коммуникациялар орталығының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланып отырады.

Брифинг барысында тәуелсіз байқаушылар коалициясының құрамы туралы да ақпарат берілді. Коалиция құрамына Алматы қаласында 2,5 мыңнан астам тәуелсіз байқаушыны біріктіретін 6 үкіметтік емес ұйым кірді.