Референдум-2026: Дауыс беру учаскелері мүгедектігі бар азаматтарға бейімделуде
Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуы бойынша дауыс беру учаскелерін заңнама талаптарына толық сай әзірлеу қажеттігі, әсіресе мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыру мәселесіне басымдық берілуде,— деп хабарлайды newsroom.kz
«Бүгінде барлық дауыс беру учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы бұрыштар жабдықталған. Онда компьютерлер, үлкейткіш әйнектер, қосымша жарық көздері, дауыс беру бюллетеніне арналған Брайль қарпіндегі трафареттер, сондай-ақ Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудио нұсқалары қарастырылған.
Сонымен қатар, учаскелер пандустармен, кіреберістегі тактильді көрсеткіштермен және ғимарат ішіндегі тактильді навигация құралдарымен қамтамасыз етілген. Ал мұндай жабдықтар әлі толық орнатылмаған нысандарда жергілікті атқарушы органдар уақытша пандустар мен тактильді бағыттағыштарды орналастыру жұмыстарын қолға алған. Бұл мүгедектігі бар адамдардың дауыс беру учаскелеріне еш кедергісіз кіруіне мүмкіндік береді», - деді Нұрлан Әбідров.
Дауыс беру күні де қосымша қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтар үшін инватакси қызметі мен сурдоаудармашылардың көмегі ұсынылады. Бұл олардың референдумға толыққанды қатысуына жағдай жасаудың маңызды тетігі болмақ.
«Комиссия мүшелерін даярлау ісі де назардан тыс қалған жоқ. Учаскелік комиссияларды қоса алғанда, комиссия мүшелері мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен қажеттіліктеріне қатысты арнайы оқытудан өтті. Оқу барысында қарым-қатынас әдебі, дұрыс терминологияны қолдану және мүгедектігі бар азаматтардың түрлі санаттарымен тиімді жұмыс істеу ерекшеліктері кеңінен түсіндірілді», - деді ОРК Төрағасы.