Су басу қаупі: Маңғыстауда тұрғындар үйлерін тастап кетті
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы Атамекен ауылында жер асты сулары көтеріліп жатыр. Тұрғындар биліктен өздеріне баспана тауып беріп, басқа жерге көшіруді сұрауда. Алайда аудандық әкімдікте бұл үшін үйлер алдымен апатты деп танылуы керек екенін айтады. Қазір 43 мың халқы бар ауылда тек үш үй ғана апатты деп танылған. Бұл туралы КТК телеарнасы мәлімдеді— деп хабарлайды newsroom.kz
Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Жер асты сулары көктем мезгілінде көтеріліп, кейде жаздың ортасына дейін сақталады. Ал күзде қайтадан шығады.
Қазіргі уақытта жағдайды реттеу үшін вакуумды сорғылар арқылы суды сорып шығару жұмыстары жүргізілуде. Алайда су қайтадан жинала береді.
Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Нұрмұханның айтуынша:
«Жер асты суларының көтерілуіне байланысты уақытша шаралар қабылданып жатыр. Қазір дренаж жүйесін құру мәселесі қарастырылуда. Қазірдің өзінде 20 жүйе орнатылды. Жақында тағы 5-6 жүйе қосылды. Сондықтан бұл жағдайда қарап отырған жоқпыз», – деді ол.
Айта кетелік, Қазақстанның бес облысында су тасқыны қаупі жоғары. Орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде топырақ қатты қатып, қыста жауын-шашын рекордтық мөлшерде түскен. Мұндай жағдайда ауа райының күрт жылынуы өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне және елді мекендерді су басуына әкелуі мүмкін.
Синоптиктердің мәліметінше, су басу қаупі жоғары өңірлер:
• Ақмола облысы;
• Солтүстік Қазақстан облысы;
• Қарағанды облысы;
• Шығыс Қазақстан облысы;
• Абай облысы.
Орташа қауіп бар өңірлер:
• Қостанай облысы;
• Батыс Қазақстан облысы;
• Ақтөбе облысы;
• Ұлытау облысы;
• Павлодар облысы;
• Түркістан облысы;
• Алматы облысы;
• Жетісу облысы.
Ал су тасқыны қаупі салыстырмалы түрде төмен өңірлер:
• Атырау облысы;
• Маңғыстау облысы;
• Қызылорда облысы;
• Жамбыл облысы.