Жатақхана қызметкері студент қыздарға ұлдардың бөлмесін тазалатпақ болған
Түркістан облысындағы колледж жатақханасында студент қыздарды ұлдардың бөлмесін тазалауға мәжбүрледі деген шағымнан кейін тексеріс жүргізілді.
Желіде тараған видеода жатақхана қызметкері қыздарға ұлдардың бөлмелерін, дәліз бен дәретханаларды тазалауды талап еткені айтылған. Студенттер мұндай талапқа бағынбаса, жатақханадан шығарамыз деген қысым болғанын мәлімдеген.
Осы жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен облыстық білім басқармасы тексеріс жүргізді.
Тексеру барысында бірінші курс студенттерінен жазбаша түсініктеме алынған. Олардың айтуынша, жатақхана қызметкері «Баян апай» қыздардан өз бөлмелерін жинауды және ұлдардың бөлмелерін тазалауды сұраған. Алайда студенттер ұлдардың бөлмесін тазалаудан бас тартқаннан кейін ауызша жанжал туындаған.
Нәтижесінде колледж әкімшілігінің бірнеше қызметкері — директордың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, жатақхана меңгерушісі, тәрбиеші және тазалық қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылып, сөгіс алған.
Министрлік заңға сәйкес кәмелетке толмағандарды еңбекке мәжбүрлеуге немесе қысым көрсетуге жол берілмейтінін еске салды. Сондай-ақ білім беру ұйымдары студенттердің жатақханада тұруына қажетті жағдайды белгіленген талаптарға сай қамтамасыз етуі тиіс екенін мәлімдеді.