Жаңалықтар

Қай елдер АҚШ-қа жақ? Тегераннан жаппай көшу: Таяу Шығыстағы соғыстың бүгінгі көрінісі

Таяу Шығыстағы қақтығыс жаңа кезеңге өтті. Вашингтонда соғысқа қатысты саяси айтыс күшейсе, аймақта зымыран мен дрон шабуылдары толастамай тұр. Мыңдаған адам босып, теңіз жолдары тұралап қалды.

АҚШ Сенаты не шешті?

АҚШ Сенаты Иранға қатысты әскери өкілеттіктерді шектеу мәселесін қарады. Дональд Трамптың Иран бағытындағы қадамдарына тосқауыл қою бастамасын 47 сенатор қолдады, 53-і қарсы шықты. Дегенмен бұл – соңғы отырыс емес, талқылау жалғасуы мүмкін.

Зымырандар мен дрондар: Зеленскийдің мәлімдемесі

Владимир Зеленскийтің айтуынша, бірнеше күн ішінде Иран 800-ден астам зымыран және 1 400 соққы жасайтын дрон ұшырған. Бұл мәлімет тәуелсіз көздер арқылы толық расталған жоқ, бірақ аймақтағы әскери белсенділіктің күрт артқанын аңғартады.

Өз кезегінде Израиль Тегерандағы әскери нысандарға жаңа соққылар жасағанын хабарлады.

«Хезболла» мәлімдемесі

Хезболла жетекшісі Наим Кассем сенбіден бері алғаш рет көпшілік алдына шығып, ұйымның берілмейтінін мәлімдеді. Бұл Ливан бағытында да шиеленіс ушығуы мүмкін екенін көрсетеді.

Ормуз бұғазы: 20 мың теңізші тұрып қалды

Ормуз бұғазы маңында шамамен 20 мың теңізші кемелерінде қалып қойған. Бұған қоса, круиздік лайнерлердегі 15 мыңдай жолаушы да қозғалыс шектеулерінен зардап шеккен. Бұл әлемдік мұнай тасымалына да әсер етуі ықтимал.

Жаппай көшу

Қақтығыстың алғашқы екі күнінде ғана Тегеран қаласынан 100 мыңға жуық адам кетіп қалған. Ал Ливанда 58 мыңдай тұрғын «ұжымдық орналастыру орындарын» паналаған. Аймақтан эвакуация жалғасып жатыр.

Қай елдер АҚШ жағында?

Ақ үй мәлімдеуінше, Испания АҚШ-пен «кооперацияға» келіскені айтылған. Алайда кейін бұл ақпарат теріске шығарылды.

Ұлыбритания АҚШ зымырандарын ұшыру үшін әскери базаларының бір бөлігін ұсынған.

Германия Иранға қарсы қақтығысқа қатысудан бас тартты.

Франция операцияларын «қатаң қорғаныс режимінде» жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Қажет болған жағдайда БАӘжәне Кувейтпен жасалған қорғаныс келісімдеріне сай әрекет етуі мүмкін.

Көптеген мемлекет бейтарап ұстанымды сақтап отыр. Солардың қатарында Қазақстан да бар.

Аймақтағы жағдай сағат сайын құбылып жатыр. Әскери әрекеттердің ауқымы кеңейсе, бұл тек Таяу Шығысқа ғана емес, жаһандық қауіпсіздік пен энергетикалық нарыққа да тікелей әсер етуі мүмкін.