Қазақстан Орталық Азияда ғылыми белсенділік бойынша көш бастап тұр
Халықаралық ғылыми белсенділікті бағалайтын беделді рейтингтердің бірі – SCImago Country Rank деректеріне сәйкес, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында ғылыми зерттеу белсенділігі бойынша көш бастап отыр. Бұл туралы The Astana Times басылымы мәлімдеді,— деп хабарлайды newsroom.kz
Рейтингтің 1996–2024 жылдар аралығындағы жинақталған деректеріне сәйкес, Қазақстан әлем бойынша 69-орында тұр. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің көрсеткіші жақсарып, 236 мемлекет арасынан 64-орынға көтерілді. Бұл Қазақстан ғылымының дамуы мен халықаралық ғылыми жарияланымдардың тұрақты өсімін көрсетеді.
Аймақтағы басқа мемлекеттердің көрсеткіштері төмендеу. Атап айтқанда:
• Өзбекстан – 83-орында;
• Қырғыз Республикасы 130-орында;
• Тәжікстан – 147-орында;
• Түрікменстан – 191-орында.
Сарапшылардың пікірінше, бұл нәтижелер Қазақстанда ғылым мен жоғары білім саласында жүргізіліп жатқан жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Ғылым және технологиялық саясат туралы заң аясында өңірлік инновациялық жүйелерді дамытуға, академиялық және ғылыми зерттеу орталықтарын қалыптастыруға, бизнес тарапынан ғылыми жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетіктерін енгізуге және жас ғалымдарды қолдауға ерекше басымдық берілуде.
Сонымен қатар, қазақстандық ғылыми ұйымдардың Horizon Europe сияқты халықаралық ғылыми бағдарламаларға қатысуы кеңейіп келеді. Бұл өз кезегінде еліміздің ғылыми қауымдастығын әлемдік зерттеу кеңістігіне интеграциялауға мүмкіндік береді.
SCImago Research Group рейтингі әлем елдерінің ғылыми әлеуетін бағалайтын ең беделді құралдардың бірі саналады. Рейтинг Elsevier компаниясының Scopus библиометриялық деректер базасы негізінде жасалады және университеттер, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың қызметін кешенді түрде бағалайды.