Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада, қолданушылардың айтуынша, Шымкент қаласындағы аудандардың бірінің әкімі төбелеске қатысып жатқан сәті түсірілген.
Шымкент қаласының әкімдігі аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеріс басталатынын хабарлады.
Ресми мәлімдемеде әкімдік заңдылық, қызметтік әдеп қағидаларын ұстанатынын және кез келген заңсыз әрекетке жол берілмейтінін атап өткен.
«Таратылған бейнежазбада көрсетілген жайттар расталған жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Тексеру аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырамыз», – делінген хабарламада.
Тексеру нәтижелері бойынша қосымша ақпарат берілмек.