Шымкентте TikTok пен YouTube арқылы заңсыз құмар ойын ұйымдастырғандар сотталды
Екі ер адам 2,5 жыл ішінде 681 млн теңгеден астам қаржы айналдырған.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты екі азаматты заңсыз құмар ойын ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп таныды.
Іс материалдарына сәйкес, олар 2023 жылғы қаңтардан 2025 жылғы маусымға дейін TikTok пен YouTube желілерінде «тринька» және «зарик» ойындарын тікелей эфирде өткізген. Лицензиясыз және заңмен рұқсат етілмеген алаңдарда жұмыс істеген. Тігістер дропперлердің есепшоттары арқылы қабылданған.
Тергеу дерегінше, екі жарым жыл ішінде олардың схемасы арқылы 681 226 532 теңге өткен. Ұтыстарды төлегеннен кейін ұйымдастырушылардың өздеріне 93 миллион теңгеден астам қаржы қалған.
Сотта куәгерлердің айғақтары, сараптамалық қорытындылар, сондай-ақ айыпталушылардың телефондарынан алынған хат-хабарлар мен трансляция жазбалары дәлел ретінде ұсынылған.
Прокурор нақты бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Айыпталушылар кінәні ішінара мойындап, кәмелетке толмаған балалары барын алға тартып, жеңіл жаза тағайындауды өтінген.
Сот Қылмыстық кодекстің 307-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша екеуін де кінәлі деп танып, әрқайсысына төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.