Жаңалықтар

Қазақстанда алғаш рет шпагамен семсерлесуден Әлем кубогының кезеңі өтеді

Астанаға 96 елден 600-ден астам спортшы жиналады.

Қазақстан тарихында тұңғыш рет шпагамен семсерлесуден Әлем кубогының кезеңі ел аумағында өтпек. Турнир 26–29 наурыз күндері Астанадағы QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастырылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті мәліметінше, жарысқа әлемнің 96 елінен 600-ден астам спортшы қатысады. Бағдарламада ерлер мен әйелдер арасындағы жеке және командалық сайыстар бар.

Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Руслан Курбанов бұл турнирдің ел үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Спорттағы жолымды бастағанда, Әлем кубогы Қазақстанда өтеді деп ойламадым. Бұрын мұндай жарыстар Италия, Франция, Венгрия секілді семсерлесу дәстүрі қалыптасқан елдерде ұйымдастырылатын. Бүгін біз сондай маңызды кезеңдердің бірін өз жерімізде қабылдап отырмыз. Бұл – сенім мен мойындаудың белгісі әрі біз үшін үлкен жауапкершілік», – деді спортшы.

Айта кетейік, Әлем кубогы кезеңін өткізу – елдегі спорт инфрақұрылымы мен ұлттық құраманың деңгейіне берілген халықаралық баға саналады.