Жаңалықтар

Air Astana 3 наурызда Таяу Шығыстан қазақстандықтарды эвакуациялайды

Әуе компаниясы төрт репатриациялық рейс орындауды жоспарлап отыр. Таяу Шығыс бағытындағы тұрақты ұшулар уақытша тоқтатылды.

Air Astana компаниялар тобы 3 наурыз күні Таяу Шығыста қалып қойған қазақстандықтарды елге қайтару үшін төрт арнайы рейс орындауды көздеп отыр.

Жоспар бойынша Батыс Қазақстаннан Мединаға екі, Жиддаға екі рейс қатынап, жолаушыларды кері алып қайтады.

Компания өкілдерінің мәліметінше, рейстерді орындау Сауд Арабиясы мен Мысырдың авиациялық билік органдарынан тиісті рұқсат алынған жағдайда ғана мүмкін болады.

Сонымен қатар тасымалдаушы Таяу Шығыс елдеріне тұрақты рейстерді 6 наурызды қоса алғанға дейін уақытша тоқтатты. Аталған бағыттарға билет сатылымы 13 наурызға дейін жабылды.

«Әуе компаниясы жағдайдың дамуын жіті бақылап отыр және жолаушыларды барлық өзгерістер туралы жедел хабардар етеді», – делінген ресми мәлімдемеде.

Не болды?

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция басталғанын жариялады. Бұған жауап ретінде Иран Парсы шығанағындағы, америкалық әскери базалар орналасқан елдерге соққы жасады. Соның салдарынан Таяу Шығыс елдерінің әуе кеңістігі уақытша жабылды.

Бұған дейін 2,5 мыңға жуық қазақстандықтың Біріккен Араб Әмірліктерінде рейстердің тоқтатылуына байланысты қалып қойғаны хабарланған еді.

Туристерге қандай қолдау көрсетіледі?

Көлік министрлігінде тоқтатылған рейстер жолаушыларына қолдау көрсету және азаматтарды баламалы, қауіпсіз бағыттар арқылы елге қайтару мәселесі талқыланды.

Ал Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі қазақстандық байланыс операторларымен бірлесіп, Таяу Шығыстағы отандастар үшін тегін байланыс пакеттерін іске қосты.

Freedom Bank және Kaspi.kz клиенттеріне қаржылай көмек көрсететінін жариялады. Банктер әр ересек адамға тәулігіне 35 000 теңге, әр балаға 15 000 теңге көлемінде төлем жасайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Дубай билігі қонақүйлерге рейстері кейінге шегерілген немесе тоқтатылған шетелдік туристерді уақытша шығармауды сұраған.