Астанада мектеп директоры мен бас есепші 600 млн теңгеге жуық қаражат жымқырған
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мектеп директоры С. мен бас есепші А.-ға қатысты үкім шығарды. Сот оларды бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде иемдену, қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша кінәлі деп таныды.
«Жалған қызметкерлер» арқылы 29 млн теңге
Сотта анықталғандай, директор 2015 жылғы қазаннан 2024 жылғы тамызға дейін бас бухгалтермен сөз байласып, мектепте іс жүзінде жұмыс істемеген алты еден жуушыны табельге енгізіп отырған. Соның салдарынан шамамен 29 млн теңге жымқырылған.
183 млн теңге заңсыз жеңілдік
Бұдан бөлек, 2015–2024 жылдары директор мектеп жарғысында қарастырылмағанына қарамастан, 501 оқушыға оқу ақысына жалпы сомасы 183 млн теңге көлемінде заңсыз жеңілдік берген. Аталған білім ордасында оқу ақылы негізде жүргізілген.
Сот бұл әрекеттерді қызмет мүддесіне қайшы пайдалану, өзге тұлғаларға негізсіз артықшылық беру және мекемеге елеулі зиян келтіру деп бағалады.
Мектепке дейінгі сыныптар мен 305 млн теңге
2018 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 31 мамырға дейін айыпталушылар мектеп жанынан «0» сыныптар ұйымдастырып, ата-аналардан төлемді бақылау-касса аппаратынсыз қолма-қол қабылдаған. Қаражат мектеп есепшотына аударылмаған әрі бухгалтерлік есепте көрсетілмеген. Осы кезеңде 305 млн теңге жұмсалғаны анықталды.
Жазғы лагерь мен жалақыны қолдан көтеру
Тергеу деректеріне сәйкес, директор 2021–2024 жылдары жазғы лагерь қызметінен түскен, КГУ есебінде көрсетілмеген 25 млн теңгені иемденген.
Сондай-ақ 2017 жылғы қазаннан 2024 жылғы мамырға дейін шетелдік мұғалімдердің жалақысын жасанды түрде өсіріп, делдалдар арқылы 75 млн теңге көлемінде қаражат жымқырған.
176 млн теңге депозитке аударылған
Материалдарға сәйкес, бас есепші 2017–2024 жылдары қылмыстық жолмен алынған бюджет қаражатын заңдастыру мақсатында шамамен 176 млн теңгені жеке депозиттік шотына аударып, одан 9 млн теңге сыйақы алған.
Сот үкімі
Айыпталушылар кінәларын мойындамаған. Қорғау тарапы олардың әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ екенін алға тартып, ақтауды сұраған. Алайда сот жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарын, сараптамалық қорытындыларды және заттай дәлелдемелерді негізге алып, айып толық дәлелденді деген шешімге келді.
Жаза тағайындау кезінде директордың 65 жаста екені және есепшінің үш кәмелетке толмаған баласы бары жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот үкімімен:
- директор 8 жылға бас бостандығынан айырылып, екі қабатты тұрғын үйі, автотұрақ орны және зергерлік бұйымдары тәркіленді;
- бас есепші 7 жылға сотталып, автокөлігі, автотұрақ орны және зергерлік бұйымдары тәркіленді. Үш кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жаза өтеу бір жылға кейінге қалдырылды.
Сондай-ақ сот 588 млн теңге көлеміндегі азаматтық талапты қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.