Жаңалықтар

«Өз Бишімбаевыммен бетпе-бет келдім»: Анель Аманғалиеваның күйеуі сталкинг күдігімен ұсталды

Алты айдан бері қудалауға ұшырағанын айтқан актриса қауіпсіздігіне алаңдап, оқиғаны жария етуге мәжбүр болған. Күдікті 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Актриса Анель Амангалиева әлеуметтік желіде күйеуі тарапынан ұзақ уақыт бойы қысым көріп жүргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, неке қиылғаннан кейін қарым-қатынас күрт өзгерген. Қазір олар бірге тұрмайды.

Анель күйеуі өзіне өліммен және қышқыл құюмен қорқытқанын, күш қолданғанын айтты. 2025 жылдың маусым айында оның мұрны сынған. Сондай-ақ жеке фото-видеоларын жариялаймын деп бопсалағаны, жалған парақшалар ашып, клиенттеріне жазғаны туралы жазды. Блогердің сөзінше, ер адам жаңа нөмірлер мен аккаунттар арқылы, тіпті банктік сервистер арқылы да мазалауын тоқтатпаған.

«Мен өзімнің жеке Бишімбаевыммен бетпе-бет келдім», — деп жазды ол, қауіпсіздігіне алаңдағандықтан жағдайды ашық айтуға шешім қабылдағанын түсіндіріп.

Актриса бірнеше рет ажырасуға арыз бергенін, алайда күйеуі қарсы болып, агрессиясын күшейте түскенін мәлімдеді.

Ал Алматы облысы полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті Қарасай аудандық уақытша ұстау изоляторына қамалған. Іс материалдары сотқа жолданып, сот 25 тәулікке әкімшілік қамау туралы шешім шығарған. Тергеу жалғасып жатыр.

Бұл оқиға туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.