Жаңалықтар

АҚШ Украинаға ескерту жасады: КТК инфрақұрылымына жасалған соққылар Вашингтонды алаңдатты

Мәселе — Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағытына қатысты. Киев бұл ескертуді «назарға алғанын» мәлімдеді.

Украина АҚШ Мемлекеттік департаментінен ресми нота алған. Бұл туралы Reuters агенттігіне Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина мәлімдеген.

Әңгіме Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумы (КТК) инфрақұрылымына жасалған шабуылдар жөнінде болып отыр. Елшінің айтуынша, бұл соққылар «Қазақстанмен байланысты америкалық экономикалық мүдделерге әсер еткен».

Қазақстан мұнайының басым бөлігі Новороссийск порты арқылы экспортталады.

«Мемлекеттік департамент бізге америкалық мүдделерге соққы жасамау керектігін жеткізді», — деген Стефанишина. Ол бұл үндеу Ресейдің әскери немесе энергетикалық нысандарына шабуылдан толық бас тарту туралы емес, нақты АҚШ мүдделеріне қатысты екенін атап өтті. Киев бұл ескертуді «назарға алған».

2025 жылдың қараша айының соңында Новороссийск маңындағы КТК теңіз терминалына дрондар шабуыл жасаған. Жүктеу уақытша тоқтатылып, танкерлер акваториядан шығарылған. Кейін консорциум зақымданған құрылғылардың бірі жөнделгенін хабарлады.

Оқиғадан соң Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі наразылық білдіріп, мұны Қазақстан мен Украина арасындағы екіжақты қатынастарға нұқсан келтіретін әрекет ретінде бағалаған.

Бұған дейін Украина тарапы Қазақстан экономикасына немесе инфрақұрылымына әдейі соққы жасалмайтынын мәлімдеген. Елдің Қазақстандағы елшісі Виктор Майко да Қазақстан «нысана болмағанын және болмайтынын» айтқан.